usd443.35eur475.54rub4.82cny61.18
Аккредитован в Министерстве сельского хозяйства Республики Казахстан
Аккредитован в Национальной палате предпринимателей Республики Казахстан «Атамекен»
ОТАНДЫҚ АСТЫҚ ӨҢДЕУДІҢ КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ 29.07.2021 в 11:02 746 просмотров

Астық одағы астық өндірушілер және экспорттаушылардың ғана емес, сонымен қатар өз шикізат базасы бар астық және майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын қатысушыларының да мүдделерін білдіретіні белгілі.

Сондықтан да, бұдан бұрын жарияланған материалдардың жалғасы ретінде талқылауға бірнеше тұжырымдарды ұсынамыз, оның ішінде отандық ұн тартушылардың БАҚ-на берген сұхбаттарынан жинақталған тұжырымдар да бар.

Осы мақала отандық астық өңдеу келешегін сындарлы талқылауды бастауға және оның мемлекеттің қолдау шараларын қабылдауды талап ететін бағыттарын анықтау мақсатында жазылған.

Осы жағдайға біздің көзқарасымызды кейбір ұн тартушылардың қолдамайтынын түсінеміз, алайда, ықыласы болса, олар өзінің ұстанымдарын дәлелді түрде жеткізеді деген үміттеміз.

Ендеше.

1. Қазақстан нарығында ұн өндіру қуаттылығының тым артық екені және соған байланысты жоғары бәсеке, өңдеу қуатын толық пайдалана алмау және ұн тартушылардың табысының төмендігі байқалады. Оның себебі – өткен жылдардағы жаңа өңдеу қуаттарының көптеп енгізілуі және ұн нарығының асыра бағаланған потенциалы. Оған біздің астық пен ұнды өткізетін дәстүрлі нарықтағы ұн тарту өнеркәсібінің дамуына байланысты ұнға сыртқы сұраныстың азайуын, көптеген отандық ұн тартушылардың жеке шикізат базасының болмауын, астыққа жоғары әлемдік пен ішкі бағаларын, бізбен көршілес елдерде астықты терең өңдеудің дамуын да қосамыз. сонда біз қазақстандық ұн өндірісінің келешегін бағалауға жақындаймыз.

2. Өзінің шикізат базасы жоқ қазақстандық ұн тартушылар (көпшілігі) ішкі сатып алу бағаларына толық тәуелді, ал бағалар, өз кезегінде, астық трейдерлері мен ұн тартушылардың сұраныстарының есебінен қалыптасып, қолдау табады. Ұн тартушылардың кейбіреулері астық трейдерлеріне әкімшілік жолмен кедергі жасалса, онда олар ішкі нарықта өздеріне қолайлы бағамен астықты сатып алуда бәсекелестік артықшылықтарға ие бола алады деп жорамалдаулары мүмкін.

3. Кейбір қазақстандық ұн тартушылар экспорттық баж салығын енгізу, астықты шығаруды үлестіру, тыйым салу және т.с.с. арқылы астық экспортын реттеуді өздерін тиімді құтқару шараларының бірі деп есептейді. Бұл шаралар ұн тартушыларға ішкі нарықта өздеріне қолайлы бағаға шикізат сатып алу есебінен табыстарын жоғарлатуға және оларға ұн мен кебек экспортын арттыруға мүмкіндік береді деген көзқараста. Ал астық экспортын шектеудің барлық кері әсерлері түсетін астық нарығының он мыңдаған қатысушылары болса (өндірушілер, астық трейдерлері, қызмет көрсету компаниялары және басқалар) кейбір ұн тартушылардың (ұн тартушылардың жалпы санынан шамамен 170 кәсіпорын) тұрақты табыс алуға, өзінің ұн тарту бизнесін сақтап, дамытып отыруға деген ниетіне түсіністікпен қарап отыруы қажет екен.

4. Отандық мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге бағытталған соңғы шешімге сәйкес пішенді, пішендемені және сүр шөпті сыртқа шығаруға тыйым салу және жемшөптік бидай мен арпаны үлестеу қарастырылған. Бірақ бұл шешімде бидай кебектерін, астық қалдықтарын (ұнтақталған астық), құрмалас жемді үлестеу немесе шығаруға тыйым салу туралы айтылмаған. Демек, енді он мыңдаған мал шаруашылықтары да қазақстандық ұн тартушыларды қолдауға қатысып отыр.

5. Қазақстандық астық Өзбекстан және Тәжікстанның ұн өндіру өнеркәсібі үшін негізгі шикізат, ал олар Ауғанстанды өз ұнын сату нарығы ретінде қарастырады. Бұл жағдайда, пәкістандық және қазақстандық астықты қолдана отырып, Ауғанстан да өзінің өңдеу қуаттылықтарын толыққанды пайдалауға мүдделі. Бұл мемлекеттердің өздерінің ішкі және сыртқы нарығында қазақстандық ұнға бөгет қою және нарықтан шығарып тастау жоспарлары болуы әбден мүмкін.

6. Қазақстандық астықты Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанға жеткізуді шектеуге тырысу қазақстандық ұн тартушылардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарлатуда қысқа мерзімді әсер етуі мүмкін. Қысқа мерзімді болу себебі, болашақты айтпағанда, осындай шараларды қолдану кезінде-ақ бұл мемлекеттер қазақстандық астықты ресейлік астықпен алмастыруға бағытталған шараларды іске асыра бастайды. Демек, астық экспортын шектеу қазақстандық ұн тартушыларға қажетті нәтиже бермейді, бірақ отандық астық өндірісіне және жалпы астық нарығына кесірін тигіздіреді.

Енді, ең бастысы туралы. Астық нарығында қандай негізгі үрдістер аясында біз қазақстандық ұн тартудың келешегін талқылап отырмыз.

Қазақстандық нарық.

1. Өндірістік шығындардың жыл сайынғы өсуі гектарына орташа 20% құрайды, ал кейбір тауарлық позиция бойынша 40% дейін жетеді. Бұл астықтың өзіндік құнының жоғарлауына әкеледі, әсіресе оның өнімділігінің төмендеуі кезінде. Басқа факторлармен бірге, шығындардың өсуі пестицидтерге және ауылшаруашылық техникасы мен олардың қосалқы бөлшектеріне төленетін кедендік салыққа, сонымен қатар кәдеге жарату алымының мөлшеріне және де өзекті емес басқа да төлемдердің болуына байланысты. Мұндай төлемдер АӨК субъектілерінен мемлекеттік бюджетті толтыруда үлесі шамалы болғанымен, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қалтасына ауыр тиеді. Біздің көзқарасымыз бойынша, мемлекеттік органдарға оларды тоқтату мүмкіндігін қарастырып, осындай шешімнің астық өндірушілердің табысын өсірудегі әсерін зерттеу қажет.

2. Өсірілген астықты өткізу жолдары шектеулі. Ішкі сұранысты тек астық трейдерлері мен ұн өндірушілер ғана сақтап тұр. Астықты терең өңдеу субъектілері, жем өндірушілер, техникалық мақсаттарға (спиртке) астықты қайта өңдеушілер жағынан тұрақсыз немесе жеткіліксіз сұраныс байқалады. Экспорт жергілікті нарықпен ғана шектеледі, ол негізінен Орта Азия мемлекеттері. Кей жылдарда Иран және ҚХР экспорттау мүмкіндіктері ашылады, бірақ бұл мемлекеттерге экспорттау көлемі тұрақсыз, себебі олардың импорты Иранға ресейлік астықтың және ҚХР басқа да әлемдік экспорттаушы елдерден жеткізу есебінен тараптандырылған.

3. Отандық астық өндіру табыстылығы төмендеп келеді. Ол тек соңғы жылдары қалыптасып қалған жоғары әлемдік және ішкі бағалар арқасында сақталып келеді. Егін өнімділігі бойынша бір қолайсыз жылдың келуі, астыққа әлемдік бағалардың төмендеуі, дәстүрлі нарықтағы астыққа сұраныстың төмендеуі немесе астықты экспорттауды ойланбай реттеу елеулі зардаптарға әкеледі, астық өндірісі саласындағы барлық шешілмеген мәселелердің бетін ашады. Нәтижесінде осыған дейінгі жағдайды қалпына келтіруге бағытталған шаралардың өзі үлкен ресурстарды қажет ететін болады.

 

Ресейлік астық нарығының факторлары

1. Соңғы жылдары астық өнімділігінің және өндіру көлемдерінің тұрақты өсуі, салыстырмалы төмен өзіндік құны және астық өндірісінің жоғары табыстылығы, оның ішінде Қазақстанмен шекаралас аймақтарда, байқалады.

2. Астықтың экспорттық потенциалының өсуі және Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы астық өндірушілерінің оны өткізудің салыстырмалы шектеулі арналары олардың табыстылығына әсерін тигізуі мүмкін. Осындай жағдайда Ресей Федерациясының билігі Қазақстанмен шекаралас өңірлердегі өзінің экспорттаушылары үшін Орта Азия елдерінің нарығына жол ашып беруі мүмкін.

 

Орта Азия мемлекеттері

Біз Өзбекстан мен Тәжікстанның ЕАЭО мүше болып кіруі салдарына дайын болуымыз қажет. Осы екі елдің нарығындағы дәстүрлі сұраныс жыл сайын қазақстандық бидайдың экспорттық потенциалының шамамен 50% (3 тен 4,5 млн тоннаға дейін) тұтынып, біздің ішкі бағамызды қолдап келеді.

ЕАЭО-на кіру осы мемлекеттердегі импорттаушыларға Ресей Федерациясынан бидай және басқа да астықты теміржол транзиттік тарифтерін және кедендік салықтарын төлемей кіргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта, ресейлік астықтың Қазақстан арқылы Орта Азия нарығына көлемді жеткізілуіне осы ғана тосқауыл болып тұр. Тәжірибе көрсеткендей, Қырғызстанның ЕАЭО кіруі осы мемлекетке қазақстандық бидай және ұнның экспорттау көлемінің екі есе қысқаруына әкелді және де экспорттаудың бұл деңгейі соңғы жылдары сақталып келеді.

Өзбекстан және Тәжікстан өзінің ұн тарту өнеркәсібі үшін шикізат импортын әртараптандыруға, өздерін ұнмен қамтамасыздандыру деңгейіне жетуге және оны экспорттауға, әсіресе Ауғанстан нарығына, мүдделі болып тұр. Қазақстандық бидай импортының жыл сайын қымбаттауы аясында осы мемлекеттердің алдағы жылдары ЕАЭО кіруі әбден мүмкін. Осындай жағдайда, сұраныстың өзгеруіне байланысты бидай өндіруді азайтуға немесе өндіріс көлемін сақтай отырып, ішкі бағаның және бидай өсірудің тиімділігінің төмендеуіне дайын болуымыз қажет. Қазақстандық бидайдың шамамен 3 млн. тонна көлеміндегі экспорттау ағындарын Орта Азиядан алып Иран немесе ҚХР-на арасында қайта үлестіру екі талай сияқты.

Өзбекстан және Тәжікстан ЕАЭО кірген жағдайда қазақстандық ұн тартушылардың Ауғанстан мен Орта Азия елдеріне ұн экспорттауды арттыру келешегін қайта қарастыру керек болады. Өзбекстан және Тәжікстан шикізат импортының баламалы арнасын алса, және де өздерінің ұн тартушыларын қолдаудың тиімді шараларына сүйене отырып, олар барлық қол жетімді әдістермен қазақстандық ұн экспортына тосқауыл қояры анық. Бұл бір жылдың мәселесі ғана болмайды, соңғы жылдары сақталып келген үрдістің логикалық соңы болады, оны ұн тартушылардың өздері де растайды.

 

Айтылғандардан төмендегі тұжырымдарға келуге болады.

1. Отандық астық өндірушілердің қазіргі халін ескере отырып, сыртқы факторлардың (Орта Азия нарығында ресейлік астықпен бәсеке, экспорт көлемдерінің қысқаруы және бидайға ішкі бағалардың төмендеуі) келер әсеріне дайындалу және бейімделу үшін стратегиялық көзқарас пен батыл шараларды жүзеге асыру қажет.

2. Қазақстандық бидайдың бәсекелестік артықшылығын дамыту маңызды, оның ішінде қабылданған шешімдердің (енгізілген импорттық салықтар, кәдеге жарату алымдары және т.б.) тиімділігін нақты бағалауға және ұн экспортын ынталандандыруға (экспорттық салықтар, квота және астық экспорттауға тыйым) бағытталған шешімдерді қабылдауға аса байыппен қарау қажет.

3. Отандық астық өндеу келешегін анықтап, соның негізінде кешенді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қажет. Бірінші кезекте, астық өңдеушілерге жеке шикізат базасын жасауға көмектесу.

4. Келешекте ұнды экспорттауды емес, қайта өңдеу өнімдерін және астықты терең өңдеу өнімдерін шығару мен экспорттауды ынталандыру қажет.

5. Осындай өндіріс үшін әртүрлі шикізат түрлерін өсіруге отандық астық өндірушілерді ынталандыру.

 

Әрине, бұл нарық қатысушыларының талқылауын қажет ететін сұрақтар және шешімдердің толық тізімі емес. Оның үстіне дұрыс шешімдерді қабылдап, жүзеге асыру тұрмақ, сындарлы талқылаудың өзіне уақыт өте аз қалды.

Қазақстан астық одағы әріптестерді сұхбатқа шақырады!

Вернуться к списку новостей